Главная » Статьи » Мои статьи

Банды атанған Аманғали

Аманғали Кенжеахметұлы- (1887-1928) 1925 жылы Нарында Кеңес өкіметінің әділетсіздігіне қарсы болып, қуғын көрген. Жазықсыз жалалы болып «банды» атанған, әнші, сері, ел аузында палуан, өнерпаз, намысқой адам ретінде аңыздалатын тұлға.

Он екі ата Байұлына жататын Беріш руының Себек аталығынан.  Аманғали 1928 жылы ГПУ-НКВД тобымен атысу кезінде қаза табады.  Бір өлеңінде:

«...Менде бір ұлың едім күміс көмей,

Сөзімді түсінуге тырыс кедей.

Неліктен Аманғали Нарында жүр,

Еліктен Тайсойғанда Құныскерей?   тағы бірде:                         

                      Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей,

                      Кей жаман сөз сөйлейді әлін білмей.

                      Бір сері ел ішінде жүрмей ме екен,

                     Соңыма неге түстің бәрің бірдей?!» деген жолдары бар.    

Қазақфильм Аманғали туралы кинофильм түсірген. Ләтифолла Қапашевтың «Банды Аманғали ісі» деген деректі кітабы Алматыда «Арыс» баспасынан 2004 жылы шығарған.

Отбасындағы он баланың үлкені Аманғали ескіше сауат ашқан. 1916 жылғы маусым жарлығымен қара жұмысқа алынып, елге 1917 жылы ақпан революциясынан кейін оралады. 1918-19 жылы милиция қызметкері ретінде Нарын өңірінде кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. 1921-22 жылы Шолантау маңында (Нарын құмы) Серов, Киселевтің ақ гвардияшыларына қарсы соғысады. Аманғалидың «банды» атанып, қуғындалуы болмашы оқиғадан - ағайын, екі құда арасындағы реніштен басталған. 1924 жылы болыс белсенділерінің шақыруымен Ордадан (Бөкей губерниясынан) әкімшілік тергеуші Е.Шкоков бастаған қарулы отряд Аманғалиды ұстауға шығады. Бірақ құм арасына із тастап қашқан Аманғали тобы оларға ұстатпай, ақыр соңында бытырай бастаған қуғыншы отряд басшыларын Шкоков пен 4 болыс мүшесінің уездерін тұтқындайды. Отряд жетекшісі Шкоковтың ұсынысы бойынша екі жақты бітімгершілік шарты жасалады. Аманғалиды қудалау осымен тоқталып, ол қару-жарақтарын тапсыруды міндетіне алып, тұтқындарды босатып жібереді. Бірақ, өзара пәтуаласып, бітімге қол қойғандарымен кеңес органдары, әсіресе өкіметке жағынуды ғана ойлаған ауыл, болыс белсенділері Аманғалидың соңына түсулерін қоймайды. 1925 жылы ол Жайықтың Бұхара бетіне өтіп, адай правителі (ревкомы) Тобанияз Әлниязовты сағалайды. Алайда ол шарасыздан куғыншылардың қолына Аманғалиды ұстап береді. Аманғали Орал түрмесіне жөнелтіледі. Аманғали 1926 жылы мамырда үш адам боп түрмеден қашады. Бостандыққа шығысымен кек алуға аттанады. Атыс-шабыс кезінде Аманғалидың қасындағылар Жұмағалидың немересін, кейін баласын өлтіреді. Осылайша «банды» аталып, жала жабылған Аманғалидың соңынан жазалаушы отряд шығады. Қашып-пысып, тынымсыз жортуылда жүргенде ұлы Нағымжан, зайыбы Мұхсина және т.б. серіктері ұсталып, кейбір туған-туыстары оққа ұшып, Аманғали жалғыз қалады. Ақырында, 1928 жылы 11 қаңтарда немере інісі Тайыр екеуі куғыншылар қолынан қаза табады. Олардың сүйегі қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қарағайлы деген жерінде жерленген. Аманғалидың зайыбы Мұхсина мен үш інісі жазықсыз сотталып, екі інісі (Мұқанғали, Әндірғали) атылған, бір інісі (Үмбетқали), туысы (Есмұрза) Финляндияға өтіп кеткен. Олардан тараған ұрпақ-бес қыз Қазақстанды бір көруді аңсайды. Аманғалидың көзі тірі бір қызы Атыраудың Мақат станциясында тұрады. Мұхсина Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауылы маңында жерленген. Аманғалидың соңында асқақ рухты әндері, өлендері қалды. А.В. Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» кітабына 2 әні нотасымен енген. Аманғали туралы белгілі композитор әрі жазушы Ілья Жақанов, Атыраулық қаламгерлер Т.Тінәлиев, ақын Т. Досымов, сондай-ақ Л.Қапашев әдеби-көркем шығармалар және зерттеу мақалалар жазып, деректі кинофильм түсірген. Жазушы Есенжол Домбаевтың  «Жаман жәутік» романының кейіпкері Аманғали.(З.А)Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия.-Алматы: «Арыс» баспасы, 2002            ISBN 9965-607-02-8



Источник: http://berish.clan.su/board/el_tany_an_berishter/z_ki_akhmetzhan_akhmetzhan_ly_berish_sebek/1-1-0-1
Категория: Мои статьи | Добавил: Aziat (09.06.2016) | Автор: Зәки Ахметжан Ахметжанұлы E
Просмотров: 3854 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
avatar