Главная » Статьи » Мои статьи

БАУЫРЫН ІЗДЕП БАРҒАН ПЫШТАНАЙ

К.Қайыптың зерттеулерінде батыр туралы тағы бір ел аузындағы әңгіме бар. Пыштанайдың әкесі Қосайдың ағасы Қожай Ақжан есімді қызды айттырады. Алайда ел шетіне Еділ қалмақтары шабуыл жасап, ұрыс даласында Қожай қаза болады. Ақжан қыз жесір қалады. Бойына Қожайдан біткен баланы беріштің билері «басқа біреуге береміз бе, Қожайдың орнын жоғалтпау керек» деп Ақжанның баласы Бөлекті елге алып келу үшін Пыштанайды жұмсайды. Сауыт-сайманын киіп, бес қаруын асынып, атына мінген Пыштанай Отар аулына келеді. Отар – Ақжанның әкесі, Есенғұлдың үлкен ұлы. Жайықтан 75-80 шақырым жерде айдын көл бар. Оқиға осы жерде болса керек.

Алып адамға үлкен үй тігіледі. Оның атын жайлап, дастархан жайып, қой сояды. Пыштанай тұрмастан жеті тәулік ұйықтайды. Оянған соң ту бие сойып, тағы қонақ етеді. Биені жеген соң да ол жақсылап тыныққан. Сөйтіп, Отар бидің аулында бір айдай уақыт болған. Батыр аулына қайтуға ыңғайланғанда ауыл үлкендері батырдың жұмысын сұрайды.

- Осында інім бар. Оның әкесі қалмақтармен соғыста қаза тапқан, бала биыл алтыда болуы тиіс. Соны алып кетуге келдім. Інімді тауып беріңдер, - дейді.

- Інің бар, аты Бөлек, бірақ бере алмаймыз. Анасы басқа күйеуге шықты, бала біреуге бала болды, - дейді ақсақалдар.

- Олай болса, билеріңізге жүгінеміз, - деген Пыштанайдың сөзінен кейін барлығы Төбе биге барыпты.

Сонда би төрелік етіпті: «Бөлек анасымен бір жағында, сен бір жағында боласың. Ашамай ер салған құнан атқа Бөлекті мінгіземіз. Әрбір жағы жүз қадам қашықтықта баланы ортаға аламыз. Ортада тұрған баладан кімге баратынын сұраймыз. Бала атымен қай жаққа барса, сол жақтыкі болады».

Баланың бір жағында бүкіл Есенғұл ауылы мен шашын жайып жылаған баланың анасы, екінші жағында жалғыз Пыштанай тұрады. Би әлгі шартты орындап, айқайлайды. Бөлек жылаған анасын аяп, аттың басын анасына қарай бұрады. Осы сәтте Пыштанайдың аруағы қарабура «Атпай неғып тұрсың?» деп сұрайды. «Сәби ғой, қорқытып атайын ба, өлтіріп атайын ба?» деп сұрайды батыр аруағынан. «Әрине, қорқытып атасың» дейді аруағы. Анасына қарай кетіп бара жатқан баланың астындағы ашамай ердің астынан зулаған жебе баланың май құйрығын жалап, ердің бір бөлігін жұлып түседі. Бала қорқып кетіп, атының басын ағасы Пыштанайға қарай жалт бұрады да, оған еріп кетеді. Пыштанай інісі Бөлекті ержеткізіп, үйлендіріп, алдына мал салады, үстіне үй тігеді, еншісін беріп, бөлек шығарады…

Бөлек те батыр болған екен. Оның ұрпақтары қазір Талғайраң, Бесікті, Қызылтал, 17-ауыл, т.б. елді мекендерде тұрады. Бөлек ұрпақтары 1801 жылы Бөкей хандығы құрылғанда Жайықтың оң бетіне өтпеген.



Источник: http://ақжайық.қаз/kz/news/view/19183
Категория: Мои статьи | Добавил: Aziat (20.05.2016)
Просмотров: 1319 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar