Біздің бүгінгі сөз етпегіміз, Ер Қосайұлы Ерсары-Пыштанай батыр туралы. Ол 1693-1793 жылдар аралығында өмір сүрген, жүз жасаған аруақты батыр, қазақтың жері мен елін, Қазақ мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін сыртқы басқыншы жаулардан қорғаған даңқты батыр-қолбасшы. Жоңғарларға қарсы атақты «Аңырақай» шайқасында Әбілқайыр хан әскерінің мыңбасы әрі Ту ұстаушысы болған. Маңғыстау, Еділ-Жайық аралығын басқыншы жаулардан азат ету шайқастарына қатысқан.
Ерсары-Пыштанайбатыр ер қаруы: найза мен семсерді, айбалта мен шоқпарды шебер меңгерген, садақпен және мылтықпен құралайды көзге атқан ерекше мерген болған. Батырдың атақты «Ақбикеш» мылтығы ел аузында аңызға айналған.
Сөзімізді Махамбет ауданы, Махамбет ауылының дүниеден өткен ұлағатты ұстазы Жақсылық Жайлашевтың 2006 жылы Атырау қаласында баспадан шыққан «Өмір өткелдері» атты кітабындағы Ерсары-Пыштанай батырдың тұңғыш баласы Түгелектің төртінші баласы Алдасайдың екінші баласы Итенұлы Берді бабаның әңгімесімен бастайық: «…Енді Шабанқара-Қосай атамызға келейік. Қосай біздің тура атамыз Пыштанай батырдың әкесі, Бегістің ағасы. Бұл атамыз да өз заманында Қара Қосай балуан атанған, зор денелі, шабан қимылдайтын адам екен. Үлкейе келе, денесін шау басып, көп қозғалмайтын болған. Ауыл жайлауға шығып немесе бір орыннан екінші орынға көшіп жатқанда да Қосай атамыз қозғалмай отыра береді екен.
– Қосеке, ел көшіп кетті ғой, ескі орында отыра бересіз бе? – дегендерге:
– Е, балалар келіп көшіріп алады ғой, – дейді екен. Содан ел ішінде Шабанқара атанып кеткен ғой… Қосай атамыз қайтыс болғанда, баласы Пыштанай он екі жаста екен.
Содан кейін, Бегіс атам жеңгесі мен інісі Пыштанайды өз қолына алады. Пыштанай атамыз төртбақ денелі, жауырындары қақпақтай, екі иығы мен мойыны тұтаса біткен, аса қарулы, шапшаң, ат құлағында ойнайтын шабандоз, құралайды көздемей түсіретін мерген, еш нәрседен қорықпайтын жүректі де батыл болып өскен. Қосай мен кенже інісі Қожай Есенғұл Айша шешемізге үйленгеннен кейін, көп кешікпей, оқыстан қайтыс болады да, төркініне кеткен келіншегінің ішінде бала кетеді. Бала нағашыларының қолында туып, атын Бөлек қояды.
Пыштанай он сегіз жасқа толғанда бір күні Бегіске:
– Көке, соңғы жылдарда ел ішінен бір әңгіме естіп жүрмін, рұқсат етсеңіз соның жайын сұрайын деп едім, – дейді. Бегіс атамыз басын көтеріп:
– Ол не әңгіме балам, анығын білсем айтайын, – деп қасына отырғызады.
– Көке, бұл әңгіменің жайын Құдайберді, Орман ағаларымнан сұрап едім, олар жарытып ештеңе айтпай, сізге сілтеді. Марқұм Қожай көкем қайтыс болғаннан кейін Айша жеңгем төркініне барып босанып ұл туыпты, атын Бөлек қойыпты, сол ұл қазір алты жаста, нағашыларының қолында өсіп келеді дейді, рас әңгіме ме? – дейді.
– Ие, балам, рас әңгіме. Қожай көкеңнің жүзін өткізгеннен кейін, Айша келін төркініне барып келейін деп рұқсат сұрады. Келін сол кеткеннен қайтып оралмады, босанғаннан кейін бір-екі жыл өткен соң, Қаратөбе жақтағы таналарға ұзатылып кетті, ал бала нағашы атасы, біздің құдамыз Келдібай ақсақалдың қолында қалды. Баланы қайтарып, өз туыстарына қосайын деп біраз жұмыстандым. Екі-үш рет арнайы кісі жіберіп сұратқаныма Келдібай құда ыңғай бермеген соң, бала үш жасқа толғанда өзім бардым. Келдібай құда жақсылап қарсы алып, қонақтап ертеңіне жүрерімде:
– Құда, шаруаңды сұрамай- ақ, кешеден біліп отырмын. Құдай басқа салған соң, амал бар ма, қызым келген соң қайтадан барғысы келмеді, мен де зорлай алмадым. Келініңізді аламыз деп, сіз де дау-дамай шығарған жоқсыз, жас жанның жанын түсініп, басына бостандық бердіңіз. Оныңызға үлкен разымын, рахмет айтамын. Қожайдан қалған кішкентайды сұратып, бұрын да екі рет кісі жібергенсіз, енді өзіңіз келіп отырсыз… Не айтамын?… Қолымда туып, бауырымда өсіп, исі сіңіп, әбден бауыр басып кеттім, оның үстіне мен де толып тұрғаным жоқ, анау жалғыз ұлға бауыр-серік, іні болсын деп, қимай жүрмін. Қыздан туғанның қиығы жоқ, – деген ғой, бала сізге немере болса, маған да немере, көзімнің тірісінде оған шеттік-кемдік көрсетпеспін, құдалығымыз туыстыққа жалғассын, бір ұрпағыңды маған қи, құда!? – деп Келдібай отырып қалды. Мен де ештеңе айта алмай, жүріп кеттім, – деп Бегіс әңгімесін аяқтады.
Манадан үнсіз тыңдап отырған Пыштанай:
– Көке-ау! Ел тілі қарап жүре ме, ертең ол бала есейіп, ержеткенде қатарларының біреуінен туысың бөлек деген жағымсыз сөз естіп, шетқақпай көрсе, мені іздеп келіп, алып кететін қандас бауырларым болмаған ғой деп, ренжімей ме? Ішімізден де осындай бетке соғар әңгіме естімейміз бе? – деп көкесіне қарады.
– Атам Қазақ, азаматтың артында ұлы қалса өзі қалғаны, қызы қалса көзі қалғаны, – дейді ғой. Сіз рұқсат етсеңіз… Қожай көкемнен қалған жалғыз ұлды далаға жібермей, Келдібай құда берсе қолынан, бермесе жолынан алып келіп, өзіңіздің бауырыңызға салғым келеді, – деп тоқтады. Бегіс біраз үнсіз отырғаннан кейін:
– Рұқсат, балам! Ұрпағымыз далаға кетпесін, Қожай марқұмның орыны жоғалмасын, ала алсаң алып кел, тек ел ішін ушықтырар дауға барма! – деді.
Пыштанай көкесінің алдына басын иіп шығып кетті. Пыштанай қасына ешкімді ертпей, жалғыз өзі ай жарымдай жоқ болып кетіп, бір күні алты жасар Бөлекті алып келіп, Бегістің бауырына салады».
18 жасар Ерсары-Пыштанай 1711 жылдың жазында ағасы Қожайдан қалған ұрпақ, қандас інісі алты жасар Бөлекті нағашы жұртынан ешқандай араздық жағдай туғызбай, өзінің парасаттылық ақылдылығы арқасында алып келіп, көкесі Бегістің бауырына салуы жүрек тебірентіп, оқырмандарға ой салдыратын жағдай! Әңгімеміздің мазмұнына сүйенсек, Қожайұлы Бөлек 1705 жылы туған болса, ал Бегістің ағасы Қосай үйленгеннен кейін көпке дейін ұрпақ болмай Ерсары-Пыштанай Бегісұлы Құдайберді мен Орманнан кейін туған болып отыр. Ерсары-Пыштанай батыр 1693-1793 жылдар аралығында өмір сүрген. Олай болса Құдайберді мен Орман 1680 жылдардың аяғында туған деп есептеуге болады.
Ерсары-Пыштанайдың бауыр інісі Бөлекті еліне алып келуі жөніндегі ел арасына тараған басқа мағлұмат бағыттағы әңгіме негізсіз жеңіл ауыздан шыққан сол кездегі бабалардың ұлы іс-әрекеттерін теріс түсіндіретін жайт. Бұрынғы Бақсай ауданы, Бақсай ауылы (қазіргі Махамбет ауданы, Ақтоғай ауылы) тұрғыны Сағынай Рысқалиевтің айтуынша, Қосай мен Қожай соғыста қаза тапқан. Осы жағдайды ескерсек, Қосай мен Қожайдың қаза болуы- 1704-1705 жылдың аралығы.
Шабанқара Ерсары-Пыштанайдың әкесі Қосайдың қосалқы аты екені анық. Сондықтан бұл атты Ерсары-Пыштанайға телеудің мәнісі жоқ. «Арыс» баспасынан 2007 жылы басылып шыққан Мақсұт Неталиевтің «Кіші жүз шежіресі» атты кітабында анық айтылған Ерсары-Пыштанай – бір адам. Ерсары аты туғандағы азан шақырып қойылған болса, Пыштанай аты батырдың елге шапқан жаулармен соғысу кезінде зақымданудан қосылған ат.
Халқымыздың ұлы тұлғаларының өкілі Халел Досмұхамедовтың замандасы, Алаш партиясының мүшесі, Гурьев уездік мал дәрігері болып облыстық мал дәрігерлік қызмет көрсету мекемесінің негізін алғашқы ұйымдастырушы Ғұбайдолла Бердиевтің атасы Итенұлы Берді ақсақалдың Әлмәмбет биден естіген әңгімесі:
«…Жетіру тама Қара батырдың ауылына барғаным есімде,– дейді Әлмәмбет би – нағашымыз Қара батыр сол кезде сексенге келген, зор денелі, айбарлы кісі еді. Өзінің қатарларымен отырғанда бір әңгімесінде, жастау кезінде Қарабаудағы Қаратоқай Табылды батырмен бірге Бекбикеде отырған Қосай баласы Ерсары батырдың ауылына барғанын, сол кезде арғы жағындағы адай ауылдарын түркімендер шауып, малдарын айдап кетіпті деген хабарды естіп, үшеуі қасына қарулы жігіттер алып, түркімендермен шайқасуға шығады. Көп мал айдап, мүлік артып, ырғалып-жырғалып үстірттен асып бара жатқан түркімендерді қуып жетіп, саны бұлардан көп болса да шайқасқа түсіп, мал-мүлікті қайырып, өздерін қашып құтылуға мәжбүрлейді. Осы шайқаста Ерсары батыр бір топ түркімен жігіттерінің қолына түсіп, аңдаусызда мұрнына тиген сойыл мұрын шеміршегін жапырып жібереді. Ол мұрнынан аққан қанды ауызына жинап, түркімендерге қарай бүрке шашып, ұмтылып, екі- үшеуін аттарынан аударып, қамауды жарып шығады. Соңынан мұрны батыңқы болып жазылыпты. Содан былай жұрт Ерсарыны Пыштанай батыр деп атап кетіпті. Оны шын аты Ерсары дегені әлі есімде жүр. Сендер сол Ерсары-Пыштанай батырдың ұрпағы болдыңдар, – деп ақсақал сөзін аяқтады». Тама Қара батыр, Қаратоқай Табылды батыр және Бегіс Ерсары-Пыштанай батыр- елін жаудан қорғаған қаруластар, қоян-қолтық соғысқан батырлар!
Ресейлік интернет «Википедия – Свободная энциклопедия» – «18 век можно золотыми буквами вписать в историю рода Берш. В то время появилось много батыров. Такие как Пыштанай, Айгана, Саржала, Кулбарак, Итемген, Табылды, Кара, Жузбатыр, Жауылғазы, Жаубасар, Жаугашар, Куттыгай и др.» деп бір топ қазақ халқының батырларын көрсетеді.
…Адайлар мен түрікмендер арасында жиі-жиі шайқастар болып тұрғаны тарихтан белгілі. Әсіресе, үлкен шайқас – XVIII ғасырдың 30-жылдарындағы Ерсары-Пыштанай батыр соғысқан «Шерқала шайқасы». Бұның өзі XII ғасырдан бері жалғасып келе жатқан екі ел арасындағы шайқас.
Жоғарыдағы келтірілген әңгімемізде Пыштанай батырдың азан шақырып қойған аты Ерсары екенін батырдың ұрпағы XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген Алдасайұлы Итен баласы Берді ақсақалдың сол кездегі ұрпақтарына жеткізуін немесе Батыр ұрпағының XX-XXI ғасырларда өмір сүрген Ильяс Елемесовтың қазіргі ұрпақтарға жеткізіп отырғанын жоққа шығаруға болмайды? Қазақ тарихы өз дәрежесінде нақтылы деңгейде зерделеніп, қазіргі ұрпақтарға жеткізілмей отырғанда, сол тарихтың тармағы-шежірені ұрпақтардың санасына құйып отыруға өткен кездері жағдайлар туғызылды ма екен?! «Рушыл-ұлтшыл» деген айдар тағылып, қыспаққа алған замандағы ұрпақтардан қандай шежірені сұрауға болады?!
19.10.2013 жылғы №192 (17792) «Экспресс-К» газеті ағылшын ғалымы Алтидор Монтгомеридің ғаламшарымыздың әр түкпірінде, соның ішінде Маңғыстау түбегінде, шашылып жатқан жұмбақ тас шарлар туралы деректі фильм шығаруға әзірленуде екенін және ғалым командасы шарды осциллографпен зерттеу барысында шардан белгісіз сәулелердің тарайтынын жаза келіп былай жалғастырған: «Эти шары, словно маленькие аккумуляторы, – говорит Монтгомери. – Их энергия не ослабевает ни на минуту. К слову, жители Мангышлака считали, что шары – это не что иное, как ядра, которые изготовил для своей пушки отважный батыр Ерсары-баба».
Бұл шарлардың пайда болуын және қасиеттерін ғалымдар анықтай жатар. Әңгіме Маңғыстау тұрғындарының Ерсары батырды мақтанышпен құрметтеп, біздің әңгімеміздің негізгі бағытын нықтауында.
Еліміз егемендікке ие болғаннан кейін шежірелерді кеңінен жарыққа шығару барысында қазіргі ұрпақтар өз тектерімен танысуға мүмкіншілікке ие болып отырғанын ескерген жөн! Батыр аруағына тағзым жасап, Ерсары-Пыштанай батыр бір тұлға деп, құдіретті ұлы күйші Құрманғазы баба аруағына қиянат келтірушілерден қорғау бағытында Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жаңсақ «Құрманғазының аңшы мылтығы» атағымен қойылған жәдігер батырдың соғыс мылтығы «Ақбикешті» және Маңғыстау өңіріндегі ескерткіш – «Ерсары қайрағын» адайлардың елдерін сырт шапқыншыларынан қорғауда ерлік көрсеткен, адайларға күйеу Ерсары-Пыштанай батырға арнаған ескерткіші ретінде танысақ, батыр аруағы алдындағы елдік парызымыз орындалған болар еді!
Елге танымал, еңбек ардагері, бірнеше ордендердің иегері Ильяс Елемесов қарт былай дейді: «… Ертеде Пыштанай батырды білетін қарттар болып еді. Қазір оларды табу қиын. Пыштанайды Маңғыстау адайлары Ерсары батыр деп атайды. Ол Адай руына күйеу болған. Жайтуған деген адайдың Жанбай атты баласынан үш перзент туған – Айдабек, Сүйіндік, Қошқар. Сүйіндіктен- Қожамжар туған. Қожамжардың мойнында қара мең болғандықтан, жеңгелері оны «Қарамойын» деп атаған екен. Қарамойын кезінде батыр болған адам. Осы Қарамойынның Мамаш атты қызына Пыштанай батыр үйленеді…».
Шешеміздің аты Әсем не Мамаш екенін анықтау кейінгілердің үлесі. Әңгіме шешеміздің төркін-жұртының анықталуы.
Беріш-Бегіс Ер Қосайұлы Ерсары-Пыштанай батырдың ұрпақтары «Ерсары-Пыштанай батыр» қорын құрды. Қордың негізгі мақсаты Ер Қосайұлы Ерсары-Пыштанай батырды ел арасында насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру болып табылады.
Источник: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=25986 |