Главная » Статьи » Мои статьи

ТУ ҰСТАҒАН БАТЫР ПЫШТАНАЙ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

АҢЫЗ АДАМ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ
XVII-XVIII - ғасырлардағы елімізді шапқыншы жаулардан қорғап, жерімізді сақтап қалуда ерен ерлігімен аты шыққан каһарман тұлғаларды әлі күнге дейін анықтап, толық зерттеп болғанымыз жоқ. Олар туралы ақиқат соңғы жылдары ғана жазыла бастады. Солардың бірі — Қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы жанкешті шайқастарда қол бастаған жаужүрек батыр Ерқосайұлы Пыштанай.


Батыр туралы алғаш рет 1998 жылы облыстық «Атырау» газетінің екі нөмірінде белгілі өлкетанушы марқұм Кенжеғали Қайыптың көлемді мақаласы жарық көрді. Сол жылы облыстық газеттің тарихи-әдеби қосымшасы болған «Атамекенде» Ильяс Елемесовтің батыр бабамыз туралы мақаласы жарияланды. Пыштанай батыр есімі орыстардың жазба деректерінде де бар екен.
Пыштанай Ерқосайұлы бір ғасыр өмір сүрген (1693-1793) адам. Ол өмірінің жартысын елін қорғау жолындағы сұрапыл жорықтарда өткізген. (Биыл туғанына 320 жыл толады-Қ.Ғ.) Ол — күллі Қазақ елінің егемендігін армандап, жерінің тұтастығы үшін сыртқы жаумен арыстанша арпалысқан хас батыр.
Пыштанай батыр Қазақ мемлекетінің тарихында аса маңызды рөл атқарған атақты Аңырақай шайқасында қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілхайыр хан әскерінің мыңбасы әрі ту ұстаушысы болыпты. «Жетпек болсаң мұратқа, байрағыңды құлатпа! Кір жуытпа ешқашан Қазақ деген халыққа!» деп ақын жырлағандай, осындай жан беріп, жан алысқан шайқастарда сарбаздардың назары жау жағында болғанымен, көзінің қиығы елінің желбіреген туында болатыны белгілі. Пыштанай батыр халық аузында аса сабырлы, зор денелі, бура қабақты жан ретінде бейнеленеді. Жеңгелері оның жүріс-тұрысына қарап «шабанқара» деп атаған деседі. Бұл атау ағайын-тумаларының баршасына тарап кеткен. Егер ол жай «қара жаяу» адам болса, оның басынан өткендері ғасырдан-ғасырға ұласып айтылмас еді, ел ішіне аңыз болып тарамас еді. Батырдың іс-әрекеттерінің, ерліктерінің аңызбен астасып кететін тұстары да баршылық.
Ел ішіндегі аңызға қарағанда Пыштанай Дат батырдың әкесі Әйтімбетұлы Шолан батырды төрелер торғауыттармен бірігіп Нарында кескілеп өлтірген күні дүниеге келген. Түске дейін ел қорғаны болған батырдың өлімі туралы хабарды естіп қамықса, түстен кейін бір алып перзенттің дүниеге келгенін естіп, жақсы ырымға жорыған. Сол кездің айтқыштары:
«Байұлы бай болады
құнықтары,
Найзаның сақталады
сынықтары.
Батырдың бірін алса,
бірін берді,
Алламыз жарылқады,
ұмытпады», - деп жырға қосқан.



Источник: http://www.atr.kz/index.php/tarikh/item/313-%D1%82%D1%83-%D2%B1%D1%81%D1%82%D0%B0%D2%93%D0%B0%D0%BD-%D0%B1%D0%B0%D1%82%D
Категория: Мои статьи | Добавил: Aziat (20.05.2016) | Автор: Кайсар Амантайулы E
Просмотров: 1550 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar