Главная » Статьи » Мои статьи |
Айтқожа батыр (Беріш – Байсейіт – Тілес - Қаратоқайұлы) (XVII ғ. II – жартысы, XVIII ғ. I - жартысы)
Қаратоқайдың 3 баласы, ақсақалдардың айтуынша, әкесінің інісін, Бөкенді қылыштап кететін торғауыт қалмақтарының шапқыншылығында қолға түсіп, тоналған мал – мүлікпен бірге кете барады. 15-16 жастағы қайсар да өжет жігіт олардың айтқандарына көңбейді, бірақ азап шегеді. Қатыгез қалмақ сарбаздары сабап қан жоса етеді. Тірі пенде шыдамайтын шілденің ми қайнатқан күнінде түйенің шикі терісінен көктеген қапқа жалаңаштап салып, басын ғана шығарып, мойынынан бүріп тастайды да, ашалы биік ағашқа іліп қояды. Күнге қақталған тері ішінен тартылып, көп шыбын қаптап кетеді. Жаны қиналып, өзі өліп кетуді тілейді. Бұл азаптан , қалмақтағы қазақ әйелінің туған Құралай есімді қыз, шешесінің ақыл – көмегімен құтқарыпты. Қыз бен шешесі түнде келіп, балаға: «Қарағым, бауырым, мен осында тұтқын болып, бұдан 20 шақты жыл бұрын келгенмін... Мені тыңдасаң, аман – есен елге ораласын. Менің Құралай есімді қызым бар, соны алып қаш, бақытты өмір шек. Ол үшін қалмақтарға, «көндім, айтқандарыңды істеймін» - де. Бәрі уақытша ғой... »-, деп ақыл – кеңес береді. Айтқожа қазақ әйелінің айтқанын істеп, қалмақтардың ауыр жұмысында бір аптадай жүріп, қолайлы сәтті күтеді. Түн жамылып екеуі екі атқа мініп қашып шығады. Ұзақ жүріп, өздері де, аттары да шаршап, тынығуға көл жағасындағы қамысқа келіп тоқтайды. Тамақтанбас бұрын тазаланып алу үшін, екеуі көлге сұрынып тұрған қамыстың екі жағына бөлініп суға түседі. Осы кезде Құралайдың арғы жағынан қамыс сылдырлайды да, сезіктенген ол киіміне ұмтылады. Су ішуге келген бір үйір жылқы (әлде құлан ба), қыздың шыңғырғанына қарамастан бұрылып келіп тапап кетеді. Құралай екі – үш ауыз тілге келіп, жан тапсырады. Айтқожа бабамыз Құралайдың денесін жерлеп, еліне қайтады. Еліне аман – есен келген соң, біраз жыл жүріп, Жетіру – Табын батырының қызына үйленеді. Әйтсе де Айтқожа бабамыз, өзін өлім азабынан құтқарған Құралаймен бала – шағалы болып, бақытты өмір шекпеген өкінішін айтып өтіпті. Балалары: Андықожа, Шіндіке, Бердіке. Соңғы екеуі егіз делінеді. Үшеуі де қалмақ шапқыншылығына, Жайық бойының бекіністеріндегі қазақ – орыс озбырлығына қарсы аянбай күрескен батырлар. Оны ақын Мұраттың «Ел қорғаған батырлар» жырында айқын аңғаруға болады.
| |
Просмотров: 1864 | |
Всего комментариев: 0 | |