Бөкей Ордасы
Соңғы редакциялау 17 қазан 2012 Бөкей Ордасы — Ресей императорының рұқсатымен құрылып, 1801 — 45 ж. Еділ мен Жайық өзендері аралығында болған қазақ хандығы. Ішкі орда немесе Бөкей хандығы деп те аталады. 18 ғ-дың соңына қарай Кіші жүзде Қаратай, Жантөре, т.б. сұлтандардың таққа таласып өзара қырғи-қабақ болуы және ұлттық езгінің күшейе түсуі халықтың тұрмыс-тіршілігін күйзелтті. Кіші жүз қазақтарының дені тіршілік етуге “жеңілдеу” басқа жерлерге көшуді көкседі. Сондай қолайлы жердің бірі — Жайық пен Еділ аралығындағы Нарын құмы болды. Бұл өңірді қалмақтар тастап кеткеннен кейін (1771) ешкім қоныстанбаған болатын. “Қалмақ аймағы” деп аталған осы жерге Кіші жүз қазақтары үлкен үміт артты. Мұны Бөкей сұлтан пайдаланып қалды. 1801 жылдың басында ол Нарынды тұрақты қоныс етіп бекітіп беру жөнінде Павел І-ден рұқсат сұрады. Павел І өзінің 1801 жылғы 11 наурыздағы жарлығымен Бөкей сұлтанның тілегін орындады. Ресей үкіметі бұдан ұтылған жоқ. Біріншіден, Кіші жүз екі иелікке бөлінді. Демек, ол саяси жағынан әлсіреді. Екіншіден, Еділ мен Жайық аралығындағы сауда жолдары қауіпсіздендірілді. Содан Ресей өкіметінің Қазақстанға ықпалы күшейе түсетін болды. 1806 ж. патша жарлығы негізінде Б. о-ның нақты шекарасы, сонымен қатар жәрмеңке орындары белгіленді. 1808 ж. шілденің 17-і күні патша жарлығымен Б. о. Астрахан әскери губернаторы мен Орынбор шекаралық комиссиясына бағындырылды. Патша нұсқауында Б. о. Ресей империясына бағынады делінгенмен, Бөкей сұлтан Жайық пен Еділ аралығындағы жерде қазақ руларын өзі басқарды. Әуелде ордадағы үй саны 5 мыңдай болса, 1812 ж. 7500, 1819 ж. 8500, 1825 ж. 10490 үйге жетіп, халық саны 50 мыңнан асты. 1815 ж. Бөкей хан қайтыс болды. Жәңгір ер жеткенге дейін хандық уақытша Бөкейдің туысы Шығай сұлтанға көшті. 1823 ж. таққа Жәңгір отырды. Ол билікті нығайтуға тырысты. Басқару әкімшілігі өзгертілді. Орталықтан басқарылатын әкімшілік (хан депутатында — 10, хан кеңесінде — 10, старшын-есауыл — 14 адам болды, базар сұлтаны, арнаулы тергеуші, іс жүргізетін кеңес) құрылды. Әрбір ірі немесе бірнеше ұсақ рудың басына Жәңгір өз туыстарын, өзіне шын берілген сұлтандар мен билерді қойды. Ру ішіндегі аталарды старшындар басқарды. Тағайындалған ру басшылары мен старшындарды Орынбор шекаралық комиссиясы бекітті. Б. о-ның әкімш. орталығы Орда қ. 1826ж. салынды. Б. о-н жан-жағынан орыс әскерлерінің бекініс шептері қоршап жатты. Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда, мұнда тауарлы-ақша қатынасы басымырақ өркендеді. Б. о-нда егіншілік жанданды. 1840 ж. хан ордасында бастауыш орыс-қазақ мектебі ашылды. Б. о. жерінде 1836 — 37 ж. Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс болды. Көтеріліс хан ордасын шайқалтып тастады. 1845 ж. Жәңгір өлгеннен кейін хандық өкімет жойылды. Хандықтың орнына Ішкі орданы басқару жөніндегі уақытша кеңес құрылып, оған патша Е. Пірімбетова, Ш. Аманжолова Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том
|