Главная » Статьи » Мои статьи

"Беріште Есет пен Айтуар" деген есім қосарланған

Айтуар би Үсенұлы - 1783-1856 жылдар аралығында өмір сүрген Жайық өңірінен шыққан қазақтың атақты билерінің бірі. Оның ата-тегі туралы қазақ шежіресінде былай таратылады: Кіші жүз Байұлының Беріш деген атасынан Байбақты одан Әсілбас, Шақай, Кұсылбас тарайды. Әсілбастан Себек пен Жанбыршы , Себектен Сары одан Үсен, Үсеннен Айтуар би туған. Ел арасында "Беріште Есет пен Айтуар" деген есім қосарлана айтылады. Себебі Есет би мен Айтуар екеуі замандас, қатарлас, жұбы жазылмаған атақты билер. Екеуі де Баймағамбет Сұлтанның ақылшы-кеңесші бас биі болып, талай шиеленіскен ел дауының түйінін шешіп, ел жауының бетін кайтарған, әрі әділ би, әрі батырлары. Зираты  Махамбет ауданы «Зауральный» совхозының шығыс жақ сыртында «Алтын» қорымында жерленген. Құлпытасында “Айтуар Үсенұлы 1854 ж. 74 жасында қайтыс болды. Ескерткішті баласы Мәтек би-мырза орнатты” деген жазу бар. Айтуар Исатай—Махамбет козғалысына көп нәр берген от ауызды, орақ тілді шешендердің бірінен саналады. Айтуар би айтыпты деген билік-шешімдер аз емес, соның бірі мынадай: 1850 жылы шеркеш елінің батыры Тұрлан өзінің Сарыкөл жайлауында көшіп келе жатып бір шағын ауылдың өздерінен бұрын жайлауына қоныстанып жатқанын көреді. Тұрланның жігіттері: - Бұл кімнің ауылы? - десе, олар Дәулетқали деген төренің ауылы боп шығады. - Бұл біздің жайлауымыз ғой, сендерге жол болсын? - десе, төре ауылының жігіттері оларға қамшы үйіріп, өктемдік көрсетіпті. Тұрлан батыр ауылын қоныстандырып алыпты да, ертеңіне атқа қонып, Дәулетқали төреге барыпты: - Төренің елі деген елді қайдан көрдің, төренің жері деген жерді қайдан таптың! - деп атбауырына алып көкала қойдай қылып сабап-сабап ауылына қайтыпты.  Орынбордағы Әлеке правительге барып шағынады. Әлеке атақты Баймағамбет Сұлтанның бел баласы еді. Ол "Төренің елі де жоқ, жері де жоқ, олар қаңғып жүрген кірме" деген сөзді есітіпті де қасына жасағын ертіп, өзі атқа қоныпты. Тұрлан батырдың ауылына барыпты. Өздеріне арналған үйге түсіпті: Дастархан жайылыпты Әлеке төре: - Мен Тұрланның қанын ішпей, дәм татпаймын, - деп, дастарханды қайырып тастапты. Сөйтіп отырғанда үстіне мұздай қару-жарағын асынып Тұрлан батыр кіріп келіпті. Төре сасып қалып, жан-жағында отырған жігіттеріне, ертіп келген екі биіне қарапты. Сол тізесін басып отырған қартаңдау би өзінің төресіне бір қарап, еңгезердей боп тұрған Тұрланға бір қарап, қипақтап сөйлей алмай калыпты. Осы кезде Әлеке правительдің оң тізесін басып отырған Айтуар би, төреге қарапты да: - Алдияр тақсыр, хан ием, сізден бір сұрағым бар? - депті. Әлеке: - Сұрағын, - деп рұхсат береді. Сонда Айтуар би саспастан байыппен: - Алдияр тақсыр хан ием "Қара жерге халық ие, қара халыққа хан ие" деген аталы сөз бар емес пе? Сіз қайсысына иесіз? Қара жерге ие боласыз ба, әлде қара халыққа ие боласыз ба? - деп сұрапты. Сонда Әлеке: - Әрине, төре тұқымы халыққа ие болады да, - депті. Сонда Айтуар би: - Төрелігіңізге құлдық хан ием, дұрыс айтасыз. Сіз халыққа иесіз, ал Тұрлан жерге ие, Дәулетқалидың істеп жүргені зорлық, - депті. Әлеке правитель енді Дәулетқали Төреге қарап ақырыпты: - Жетесіз оңбаған, қара жерге ие боламын деп, мені халықтан айырайын деп жүр екенсің ғой... Қазір ауылыңа қайтта, біреудің, жайлауынан қонысыңды аудар, жоғал көзіме, көрінбе! - депті. Жиналған халық Айтуар бидің даналық тапқырлығына, әділ төрелігіне риза болып, бас иіпті. (Қазақстан  ұлттық энциклопедиясы)



Источник: http://berish.clan.su/board/el_tany_an_berishter/z_ki_akhmetzhan_akhmetzhan_ly_berish_sebek/1-1-0-1
Категория: Мои статьи | Добавил: Aziat (09.06.2016) | Автор: Зәки Ахметжан E
Просмотров: 1920 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
avatar