ШЕРҚАЛАДАҒЫ ШАЙҚАС
Маңғыстау жерінде Шайыр ауылының маңында (Ақтау қаласынан — 170 шақырым) Шерқала деген оқшау тұрған тау бар. Бұл тау VIII-IX ғасырларда арабтардың шапқыншылығы кезінен бері белгілі болатын. Адамның араласуымен қамал-қалаға айналған осы тау «Арыстан-қала» деген атпен тарихқа енген. Шынында да, Шерқала басын сәл жоғары көтерген бойы демалып жатқан арыстанға ұқсайды. Ол — Маңғыстаудың киелі орындарының бірі.
XVIII ғасырдың 30-жылдары Маңғыстаудың жергілікті қазақтары мен түркімендер арасында жер дауына байланысты қақтығыстар болып тұрған. Солардың бірі «Шерқала шайқасы» деп аталады.
Таудың ұшар басында түркімендер бекінген. Олар тау басындағы шыңыраудан су алып пайдаланады екен. Пыштанай батыр бастаған қазақ жасағы таудың бір бүйірін тесіп, құдықтың қабырғасынан барып шығады. Сөйтіп, шыңырауға түскен қауғаның арқанын кесіп, дұшпанын су алу мүмкіндігінен айырады. Ақыры шөлден қаталаған түркімендер берілуге мәжбүр болады. Осы оқиға марқұм Кенжеғали Қайыптың мақаласында келтірілген.
2010 жылы ізденіс үстінде жүргенімде орыс тілінде жазылған осыған ұқсас деректі ғаламтордан кездестірдім. Александр Глазуновтың 1990 жылы «Вокруг света» журналында жарияланған «Үстірттегі алаулар» («Костры у устюрта») деген мақаласында мынадай жолдар бар: «...Когда-то у горы стоял г. Мангышлак (бір кезде Маңғыстаудың біраз жері түркімендердің иелігінде болған деседі-автор). Рядом завоеватели построили свой административный центр Кызылкала. Он просуществовал до монгольского нашествия. По легенде соседние племени пытались с ходу захватить городище на Шеркале-последний оплот туркменских племен...».
Бұған қарағанда, осы жолдар жоғарыда баяндалған Пыштанай батыр қатысқан шайқас туралы жазылған деуге болатын секілді.
|