Главная » Статьи » Мои статьи

Шолақ би

Шолақ би

(Беріш – Байбақты – Құсылбас – Бегіс – Құдайберді – Тәңірқұл – Құлшай -Ишатайұлы)

1841 – 1904 ж.ж.

 

Қаратоқайлар Мөңкеұлы Мұрат ақын және жауырыны жерге тимеген Сәңкісіұлы Бисен балуанмен, Шолақ би үшеуі айырылмас дос болған. Олардан: «Тіріде іргеміз, өлгенде моламыз бөлінбесін», деген ел аузында жатталы қалған сөз бар. Бұлардың билік сөзден де, айтыстан да, тіпті күрестен де ұтылғаны болмаған. Ойын – той, ас беру салтанаттарында алдына ешкім шықпаған, шыққаны масқара болып жеңіліп, не бір бағалы жүлдені сол үшеуі алған.  Ақыр соңында, айтқан уәделері бойынша, үшеуі де Жарсуат ауылының (Индер ауданы), арқа жағындағы биік төбеге жерленіпті.

         Бір күні Шолақ бидің шешендігін естіген Қуыс би, оны бір ауыз сөзбен тоқтатпақ болып, алыстан ат арытып, екі жолдасымен іздеп келіпті. Олар келгенде, үш дос Мұраттың қайын атасы Есен – Беріш – Ырсай Иман қарттың үйінде қонақ болып отырады.

        Ойда жоқта кіріп келген қонақтарға, амандасқаннан кейін, ығысып, төрден орын береді. Жайғасқан соң, қонақтарға қызм ет етіп отырған Мұрат, үй – ішін, қасындағы жолдастарын таныстыра бастайды. Мұрат: «Сізге таяу отырған, Шолақ деген би», дей бергенде, Қуыс  би мырс – мырс күліп алады. Бұл Шолақ биді сөзден мүдірту үшін, әдейі жасаған мысқыл күлкісі еді.

         Мұрат ақын таныстырып болған соң, «Өздеріңізді де таныстыра отырыңыздар. Сосын күлкіңіздің мән – жәйін білгіміз келіп отыр», - дейді.

       Куыс күліп отырып, сөз бастайды. Алдымен қасындағы жолдастарымен таныстырады. Өзін: «Мен ауылымыздың, Қуыс деген биі едім», - дейді. «Ал, күлкімді келтіріп отырғаны, мына замандастың аты. Адамға да атты қоя береді екен-ау. Шолақ дейді, Шолақ деп шолтиып тұрған қысқа дұниені айтады ғой. Биеке атағыңыз дардай болғанымен, атыңыз келіссіз, жұпыны екен», - деп, тағы күледі.

Шолақ би сабырлықты сақтап: «Мырза, әдепті жан, кісінің атына күлмес болар. Біздің жақта, кісі атына күлген адамды «көгенсіз», немесе «әдепсіз» - дейді. Күлкі келеке еткендігі үшін ат – шапан айып тартқызып, кешірім сұратқызады. Шындығына көшетін болсақ, сіздің атыңыздың оңып тұрғаны да шамалы. Оны айтатын болсақ, Шолақ деген де бәріде көрініп тұрады, ал Қуыс дегенің, көз жетпей үңілетін нәрсе емес пе? Кімнің аты күлкілі өзі?» - деп сұрақ қоя қарағанда, Қуыс би ұялғаннан қып – қызыл болып, кете – кеткенше ләм – мим сөз айтуға жарамай қалыпты.

             Кетерінде: «Шоке, айып менен. Кешірім етіңіз» - деп, үстіндегі шапанын шешіп Шолақ бидің иығына жауып, мініп келген атын ұсыныпты. Шолақ би атын алмай: ««Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» - деген сөз бар. Менің есімімді оғаш көргенде, өз есімінді де ойлауың керек еді» - дейді.

       Олар қол алысып кеткеннен соң, ауылдартары биге: «Атын алып, өзін жолдастарына мінгестіріп жібергеніңіз жөң еді» - депті. Сонда Шолақ би: «Сөз сүйектен өтеді... деген бар емес пе? Атын алмасам да бетін қызарттым. Мен айтқан сөз оның ойынан өтле өлгенше ұмытылмас. Осы сөз, жолдастары арқылы елге жайылса, мазақ болудан да құтылмас» - деген екен.

Категория: Мои статьи | Добавил: Aziat (22.08.2018)
Просмотров: 1222 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
avatar