Пыштанай батыр алыс сапардан жалғыз келе жатып бір қалың орманның шетінде аң атып,етін отқа қақтап жеп отырады. Бір мезетте орман ішіндегі ашықтан еңгезердей биік тұлғалы адам үн-түнсіз келіп, Пыштанай жаққан алаудың арғы жағына келіп жайғасады.
Істікке түйрелген етті батыр әлгі кісіге ұсынады. Қара қойдың терісінен тігілген тонды айналдырып киген тәрізді қара кісі ұсынған етті алмай, басын шайқайды. Ол енді көп аялдамай, орнынан қопарыла тұрып, келген жағына кетіп қалады. Мына кездесу батырды күдікті ойға қалдырды. «Не болғанда да бұл тегін емес, жезтырнақ дегеніміз осы болар» деп ойлады. Ол ұсынған етті алмады, қолдарын көрсеткісі келмеді. Сөйлеген де жоқ. Оған Пыштанай бас салуға батылы жетпеген сыңайлы. Пыштанай да сұсты, арыстандай айбатты. Жезтырнақ көзден таса болған соң ол одан сақтанудың амалын ойластырды. Бір томардың үстіне сырт киімін айқара жауып, бас жағына бас киімін кигізіп қояды. Өзі оқ жететін жердегі бір теректің тасасынан сақтана аңдып тұрады. Түн ортасында әлгі дәу қара келіп, киім кигізілген томарды қапсыра құшақтап, тырнағымен бүре бастайды. Осы сәтте Пыштанай жезтырнақты атып салады да, қолын білек буынынан кесіп алып, қанжығасына байлайды...
Пыштанай батыр түркімендермен, қалмақтармен болған талай шайқастарға қатысқан. Талай рет жекпе-жекке де шыққан. «Аруағы - адамша сөйлейтін қара бура екен» деседі. Ол найзаны, садақты, айбалтаны ұршықша үйірген, семсерді ұстауы мен сілтеуін жетік меңгерген, қолма-қол айқастың хас шебері, соғыстың айла-тәсілін бүге-шігесіне дейін білген.
Пыштанай батыр құралайды көзге атқан мерген болыпты. Ел аузында батырдың «Ақбикеш» атанған мылтығы жайында аңыздар көп. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жеткен жырда былай делінді:
«Пыштанай жеңілмеген батыр дескен,
Көзіне көрінген жау бақи кешкен.
Дұшпанның тірі қалған біреуі жоқ,
Ажал-оқ атылғанда «Ақбикештен».
Атқаны «Ақбикештің» анық құрбан,
Сәулесі жарқылының жау ықтырған.
Боларын қантөгістің өзі айтып,
Солқылдап керегеге соғып тұрған».
«Ақбикеш» - батысеуропалықтардың от алатын патронды мылтығы. Күндағы, ұңғысы, шүріппесі, астында екі аяқты мосысы бар.
- Мен бала кезімде «Ақбикеш» XX ғасырдың 30-жылдарында батыр ұрпақтарының бірі Қыстаубайдың үйінде сақтаулы болды деген әңгімені естігенмін,-деп еске алушы еді марқұм Кенжеғали Қайып, - кейін «Ақбикешті» де, жезтырнақтың тырнағын да қазіргі сақтаулы тұрған жерінен (суретте) өз көзіммен көрдім. Бұл тырнақтар аса сұсты, қаһарлы. Егер бұл тырнақ бүретін болса, тірі мақұлық аман қалмасы анық. Ол біздер көріп жүрген аңның, құстың тырнағына ұқсамайды. Жаңағы тырнақтарды көргенде жезтырнақ деген тіршіліктің өмірде болғанына анық көзім жетті.
Жезтырнақтың тырнағы мен «Ақбикештің» жерге тіреп қоятын аяқтары Қыстаубай ұрпақтарында күні бүгінге дейін сақтаулы.
Источник: http://www.atr.kz/index.php/tarikh/item/313-%D1%82%D1%83-%D2%B1%D1%81%D1%82%D0%B0%D2%93%D0%B0%D0%BD-%D0%B1%D0%B0%D1%82%D |